Қырғызстандағы референдум: Дауыстарды есептеу аяқталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстан конституциясына өзгерістер енгізу бойынша өткен референдумда учаскелік сайлау комиссиялары дауыстарды қолмен есептеуді аяқтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Ресей Жаңалықтары агенттігіне сілтеме жасап.
Дүйсенбі күні Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы баспасөз қызметінің өкілі Нұржан Шайлдобеков мәлім еткендей, референдумның негізгі мақсаты билік тармақтары арасындағы теңгерімді орнату және елде парламентаризмді нығайту болып табылады. Референдуммен бір уақытта республиканың 405 елдімекенінде жергілікті кенешке (кеңес) сайлау өтті.
Алдын ала қорытындыға сәйкес референдумға 1 миллион 200 мың сайлаушы қатысты, яғни тізімге енгізілгендердің 42 пайызы. Конституцияның өзгерісін 79,6 пайыз немесе 955 мың адам қолдады. 184 мың сайлаушы қарсы дауыс берді.
Нұржан Шайлдобековтің айтуынша, мұндай көрсеткіштер референдум еркін әрі демократиялы өткенін көрсетеді. Барлық қатысушылар биометриялық сәйкестендіруден өтті. Ал бюллетендерді электронды есептегіш жәшіктер санап шықты, олар сайлау учаскелері жабылған бойда мәліметтерді автоматты түрде ОСК-ға жіберд. Алайда, онымен бір мезгілде учаскелік сайлау комиссиялары барлық бюллетенді қолмен есептеп, «қағаз» хаттамаларды қолмен толтырып, ОСК-ға беруі тиіс.
Референдумның соңғы нәтижелері хаттамалардың барлығы алынғаннан кейін, сондай-ақ дауыс беру бойынша барлық сот үдерістері аяқталғаннан соң (егер олар туындаған жағдайда) жарияланатын болады.