Қырғызстандағы жағдай: Бішкек мэрі келген шығын көлемін атады

БІШКЕК. КАБАР – ҚазАқпарат – Бішкек қаласының мэрі Азиз Суракматов қалалық қызмет және құрылымдық бөлімшелермен жиын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.

Қырғызстандағы жағдай: Бішкек мэрі келген шығын көлемін атады

Муниципалитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мэр барлық құрылымдық және аймақтық бөлімшелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта болған жағдайға байланысты жергілікті бюджет тапшылығы 1 млрд 428 млн сомды құрады, ал алдын ала есептеу бойынша жалпы шығын 17 млн сомнан асқан», - делінген хабарламада.

13 автобус, 16 патрульдік қызмет көлігі қиратылып, Ала-Тоо алаңында 65 шаршы метр мәрмәр тас ұрланған, 7 жедел жәрдем көлігі бүлінді.

Сондай-ақ, астанадағы эпидемиялық жағдай туралы вице-мэр Виктория Мозгачева да есеп берді. Оның айтуынша, 12 қазанда Бішкек қаласында 59 коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркеліп, жалпы індетке шалдыққандар саны 18 493-ке жеткен.

Еске салсақ, бүгін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Бішкек қаласының аумағында төтенше жағдай режимін қайтадан енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.

4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді.

Ал, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, одан кейін Ақ үйге беттеді. Оларды тарқату үшін милиция көз жасаурататын газ, суатқыш және газ-шуылды құрылғылар қолданған. Бішкек уақытымен сағат 22.00-дегі мәлім бойынша, ауруханаға зардап шеккен 16 адам жеткізілген. Кейінгі мәлімет бойынша, зардап шеккен адамдар саны 911-ге жетті.

Елдің Ішкі істер министрлігі митингті ұйымдастырушылар мен партия басшыларын өз жақтастарын үйлеріне қайтаруға шақырды.