Қырғызстандағы жағдайларға байланысты азаматтардың еліміздің шекарасы арқылы үдере көшуі байқалмайды - вице-министр
Бұл туралы бүгін «Босқындар туралы» заңға байланысты журналистермен арнайы кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның «Босқындар туралы» заңында қандай азаматтардың босқын болып табылатындығы толық көрсетілген. «Нақтырақ айтатын болсақ, аталмыш құжат талаптары бойынша, босқындар деп нәсілдік, ұлттық, азаматтық, діни және саяси көзқарасы бойынша, сондай-ақ белгілі бір әлеуметтік топтарға қатыстылығы бойынша қудаланып, соның салдарынан өзге елдің аймағында болып, өз елі тарапынан қорғала алмайтын азаматтар танылады. Егер еліміздің шекарасында шетелдік азаматтар көптеп келіп, алайда олардың мәртебесі заңда көрсетілген талаптарға сай келмейтін болса, көшіп-қонушылар болып есептеліп, оларға деген талап жалпыға бірдей миграциялық заңнамалар негізінде қойылады. Алайда бүгін біздің шекарамызда ешқандай да шетелдіктердің үдере көшу үдерісі байқалмайды», деді вице-министр.