Қырғызстандықтар ойыншық тапаншамен Дубайдағы айырбас пунктін тонаған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстандық қарақшылар тобы ойыншық тапанша және көзден жас ағызатын газдың көмегімен Дубайдағы валюта айырбастау пунктін тонаған. Бұл туралы "Русские Эмираты" басылымы хабарлады.

Қырғызстандықтар ойыншық тапаншамен Дубайдағы айырбас пунктін тонаған

2015 жылы 13 желтоқсанда бетперде киген Қырғызстанның бес азаматы айырбас пунктіне баса-көктеп кіріп, ойыншық тапанша мен жас ағызғыш газдың көмегімен қызметкерлер мен клиенттерге сес көрсеткені анықталды. Осылайша топ 700 мың дирхам (190,5 мың доллар) алып, BMW көлігі арқылы оқиға орнынан ізін суытқан, кейінірек көлікті өртеген.

Тергеудің мәліметінше, ұрланған ақшаның бір бөлігі қылмыскерлердің еліне жіберілген. Көп ұзамай төрт күдікті ұсталды. Олардың екеуі жасаған ісін мойындап, 12 мың дирхамға (3,2 мың доллар) ескілеу автокөлік сатып алғандарын мәлімдеді.

Сотта ер адамдар қарулы тонауды мойындамай, қылмысты бостандықта жүрген бесінші айыпкер жоспарлағанын және отбасыларын қорқытып, тонауға қатысуға мәжбүрлегенін айтуда. Және көлік өртеу, айырбастау пунктінің қызметкерлері мен клиенттеріне шабуыл жасау, тұтқынға алуда қарсылық көрсету мен полицияға бас салуды да теріске шығарды.

Келесі сот отырысы 19 қазанда өтеді.