Қырғызстанмен достық қатынастарды дамыта түсеміз - Елбасы
Бүгін Ақордада бірқатар шетелдердің Қазақстанға жаңадан тағайындалған елшілерінен сенім грамотасын қабыл алу салтанатты шарасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, достық қатынастарды ары қарай дамытуға ниеттіміз. Қырғыз Республикасы Орталық Азиядағы маңызды әріптесіміз ғана емес, тарихи тарымырымыз тереңге жайылған тату көрші, бауырлас мемлекет болып саналады. Сондықтан біз Қырғызстанмен достыққа және өзара түсіністікке негізделген стратегиялық әріптестікті дамытуға айрықша көңіл бөлеміз», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орада Президент екі ел үкіметтері осы бағытта тиімді жұмыс жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастарды жаңа белестерге көтеретініне сенім білдірді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысына Ауғанстан Елшісі Мохаммад Фрахад Азими, Қырғызстан Елшісі Жээнбек Кулубаев, Литва Елшісі Гинтаутас Васюлис, Иран Елшісі Маджид Самадзаде Сабер, Армения Елшісі Гагик Галачян сенім грамотасын табыс етті.
https://kaz.inform.kz/news/kr-prezidenti-shetel-elshilerinen-senim-gramotasyn-kabyldady_a3477093