Қырғызстаннан Қазақстанға 1 тонна құс етін заңсыз алып өтпек болғандар ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасында шамамен 1 тонна құс етін контрабандалық жолмен алып өтпек болғандар ұсталды, деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен.

Қырғызстаннан Қазақстанға 1 тонна құс етін заңсыз алып өтпек болғандар ұсталды

Ведомство ақпаратына қарағанда, заңбұзушылық 27 шілде күні түнгі сағат шамамен 2-лерде орын алды. Тараз шекара отряды «Гродеково» заставасының шекара жасағы қызметтік міндеттерін атқару барысында қауіпсіздіктің шиыршық кедергісінен өтпек болғандарды анықтаған.

«Шекара бұзушыларды ұстау барысында олар бой тасаламақ болды. Сондықтан шекарашыларға травматикалық қаруды пайдалануға тура келді. Нәтижесінде контрабандашылардың «УАЗ» көлігі жыраға түсіп, аударылды. Көліктен шамамен 1 тонна контрабандалық құс еті табылды»,- делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша мән-жайды анықтау шаралары жүргізілуде.