Қырғызстаннан Қазақстанға алып өтпек болған 1 центнер темекі өнімдері табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасының Тараз шекара отрядына қарасты «Гродеково» заставасының наряды қызмет барысында мемлекеттік шекарадан 20 метрдей қашықтықта жатқан 25 қорапқа салынған темекі өнімдерін тапты. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Жалпы салмағы 1 центнердей болатын «Bond», «Marlboro», «Esse» секілді сигареттер салынған қораптарды контрабандашылар Қырғыз Республикасынан біздің елімізге заңсыз түрде алып өтпек болғандары анықталды.
Темекі өнімдерінің жалпы салмағы 1 центнер болып шықты.
Шекара нарядын байқап қалған белгісіз адамдар көршілес елдің аумағына қарай қашып, тығылды.
Аталған оқиға бойынша қозғалған істің материалары ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 426-бабына сәйкес Жамбыл облысының Жамбыл аудандық прокуратурасына берілетін болады.