Қырғызстаннан келген еңбек мигранттары Қазақстанда құлға ұқсап күн кешуде - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 16-сы, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Алматы метросының құрылысы 90 пайызға аяқталып, енді оны техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету басталды», деп жазады
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Басылым тілшісінің хабарлауынша, оңтүстік астанаға осы уақытта метроның алғашқы электр пойыздары жеткізіліп, қос рельске түсті. Жиырма жылдан
астам уақыттан бері қазылып, салынып келе жатқан метрополитен қалалықтардың пайдалануына тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында, яғни келер жылдан бастап берілмек. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымындағы «Алматы метросына мінетін күн алыс емес» атты мақаладан оқуға болады.
Сондай-ақ аталмыш басылымның осы санында жарық көрген «Бәрін де мамандар шешеді» атты мақалада үшінші мыңжылдықта адамзат баласының саны 2025 жылы 8,5 миллиардқа дейін өссе, 2050 жылға қарай олардың саны 11 миллиардқа жететіндігі айтылады. «Бұл жағдай біздің планетамыздың азық-түлік тапшылығына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан, біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосымша көздерін іздестіруге мәжбүр боламыз», деп жазады. Мақалада азық-түлік өнімдерінің қосымша көздерін табуды қалайша жүзеге асыру қажеттігін және ауыл шаруашылығы саласына сырттан төніп тұрған қауіп-қатерлер мен олардан сақтану жолдары туралы мамандар мен ғалымдардың ұсыныс, пікірлері жөнінде баяндалған.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында «Алматы алаяқтардан арыла алмай отыр» деген тақырыппен қызықты матеириал жариялапты. Басылым тілшісінің сөзіне сенсек, Қазақстанда 2007 жылдың қаңтар айының 12-інде қабылданған «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес, сол жылдың сәуір айының 1-інен бастап, казинолар мен ойын автоматтары залдарының Бурабай мен Қапшағай аймағынан тысқары жерде жұмыс істеуіне тыйым салынғаны мәлім. Сөйтіп құмархана атаулы қос курорттық аймаққа орналастырылып, олар қазақстандық
«лас-вегастарға» айналды. Осыны зерделеген Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тосын қорытындыға келіп отыр. Сөйтсек, құмархананың Қазақ еліндегі нағыз орталығы - Алматы шаһары болып шыққан.
Аталмыш басылымның хабарлауынша, елімізде «Тіл үйренуге талпыныс артты». Тап осындай тақырыппен жарияланған мақалада басылым тілшілері Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Балқия Қасымның тілге қатысты көтерген бірнеше мәселені оқырмандар назарына ұсынады. Ғалымның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда тіл үйретуді жетілдіре түсу үшін осы салаға жанын салып кіріскендердің - қазақ тілін үйретушілердің мәртебесі мен олардың қоғамдағы орнын айқындау қажеттігі туындап тұр. Себебі тіл үйретушінің белсенді жұмысы үшін алатын жалақысы да жоғары болуы тиіс. Осы және тілге қатысты қоғамда қалыптасып отырған өзекті мәселелер жөнінде «Айқынның» бүгінгі санынан оқуға болады.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, алдағы болашақта Батыс елдері мемлекеттің қуаттылығын айқындайтын негізгі көрсеткіштер бойынша алдыңғы орындардан табылатын әдетінен арылады. Әлемдік жалпы ішкі өнімдегі Батыстың үлесі бүгінде күн санап төмендеп жатыр. Ал демографиялық халінің мүшкілдігі айпаса да түсінікті. Бұл мәселелер жөнінде басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Дағдарыс Батысты доминантты рөлінен айырды» атты мақаладан оқуға болады.
Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, егін жинау науқаны тақаған сайын халықаралық нарықтағы ойыншылардың дегбірі қозып, тақымдарын қыса түсуде. Өйткені әлемде жаппай құрғақшылықтың орын алуы салдарынан биыл көптеген экспорттаушы елде алынатын астықтың көлемі қысқарады деп болжанып отыр. Әлемдік нарықтағы бидай бағасы да ақырындап өсіп жатыр. Тіпті осы нарықта бәсекелесіміз болып табылатын Франция «Биыл Қазақстанның астығы былтырғыдан 30 пайызға қысқарады» деп болжам жасап та үлгеріпті. Яғни Қазақстанның әлемдік сұранысты қанағаттандырудағы шамасы шамалы дегенге сайыпты. Шындығында астық экспортындағы жағдай қандай? Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымның бүгінгі санында жарық көрген «Қуаңшылық экспорттық потенциалымызды кеміте алмайды» атты мақаладан оқисыздар.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, сарапшылар Каспийдегі заңсыз балық аулаудың салдары соңғы 40 жылдың ішінде бекіретұқымдас балықтардың 90 пайызға азайып кетуіне себепкер болып отыр. Басқаша айтқанда, Каспий бекіресінің тұқымы мүлдем құрып кетуге таяу. Атырау қаласында өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген мәжілісінде көтерілген осы тектес мәселелер жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Когда осетр ревет белугой» атты мақаладан оқуға болады.
***
«Литер» басылымы бүгінгі санында Қырғызстаннан келген еңбек мигранттарының жағдайына алаңдаушылық білдіріпті. Басылымның жазуынша, Орталық Азия елдерінен жылына елімізге 300 мыңнан
1 милллионға дейінгі аралықта мигранттар келіп, құрылыстар мен базарларда сондай-ақ далалық алқаптарды жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр. Қазіргі таңда Қырғызстаннан келген көптеген мигранттар Алматы облысының Еңбекші қазақ ауылындағы темекі өсіру алқаптарында жұмыс істеуде. Олар жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап-ақ
ауыр еңбекке жегілуде. Ол аз болса, темекі алқаптарының иелері еңбеккерлердің құжаттарын тартып алып, тәулігіне 14 сағат жұмыс істететін көрінеді. Далалық жұмыстармен қатар қырғыздар үйдің де шаруасымен айналысады. Осындай ауыр еңбек еткендеріне қарамастан оларға жарытып тамақ та бермейді, медициналық көмек те көрсетпейді. Ең сорақысы темекі алқаптарында балалар да ауыр жұмыспен айналысып жүр.