Қырғызстаннан Ресейге бағытталатын транзитке тариф құны едәуір төмендетілді - ҚТЖ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» Қырғызстаннан Ресейге бағытталатын транзитке тариф құнын едәуір төмендетті. Бұл туралы бүгін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ президенті Оралхан Кулаков мәлім етті.

Қырғызстаннан Ресейге бағытталатын транзитке тариф құны едәуір төмендетілді - ҚТЖ

«Ауыл шаруашылығы бізбен бірге карантиндік бақылауға жататын жүктердің тасымалдануы шарттарына қатысты қыруар жұмыс атқарды. 10 қаңтардан бастап, Қырғызстанға, Қырғызстаннан Қазақстан аумағы арқылы тасымалдау шарттары жеңілдетіледі. Қырғызстан ЕАЭО-ға енгендіктен, «Қазақстан темір жолы» 10 қаңтардан бастап, транзиттік тасымалдарға бірізді тариф енгізеді», - деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, тариф құнының төмендеуі биыл тамыз айында орын алуы тиіс болған, алайда Қазақстан оны мерзімінен бұрын енгізіп отыр.

Кулаковтың атап өткеніндей, Қырғызстанның мал шаруашылығы өнімдері Ресей аумағына тасымалданғанда, темір жол көлігімен қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасы аумағына кіргенде - Луговой бекетімен, РФ территориясына шыққанда - Илецк бекеті арқылы жүргізіледі. Жол ұзындығы - 2021 шақырым. Бұрынғы тариф бойынша, рефрижераторлық вагон арқылы тасымал жасау 5155 доллар болса, 10 қаңтардан бастап, 1 820,7 доллар тұрмақ. Демек, тариф құны 2,83 есе арзандатылған.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ президентінің түсіндіруі бойынша, тариф деңгейінің төмендеуі салдарынан қырғыз тасымалынан түспей қалатын 42 миллиард теңге кіріс, тасымал көлемінің 3 есеге артуы есебінен жабылатын болады.

 Айта кетейік бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қырғыз ауылшаруашылық өнімдерінің Ресей Федерациясына Қазақстан арқылы тасымалдауына рұқсат берді.  

Мұндай шешім 2016 жылдың 26 желтоқсанында Санкт-Петербургтегі Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғары кеңесінің экономикалық комиссиясында қол жеткізілген. Оған сәйкес, Қырғызстан ауыл шаруашылық өнімдерінің 102 тауары еліміз арқылы Ресейге, ары қарай Беларус нарықтарына шыға алады. Дегенмен қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасы аумағында санитарлық-ветеринарлық бақылау сақталған.

Бүгінгі таңда ЕАЭО мүше-мемлекеттерінің өкілетті инспекциялық органдарының бірлескен қорытындысы бойынша қырғыздың 15 мекемесі ресейлік нарыққа және 8 мекеме қазақстандық нарыққа (оңтүстік аймаққа) ветеринарлық бақылауға жататын белгілі бір тауарларды жеткізуге мүмкіндік алды. Мысалы, термикалық (жылу) өңдеуден өткен сүт өнімдері, дайын ет және балық өнімдері.