Қырғызстаннан заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырғаны үшін күдікті Қазақстан азаматы ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында көрші елден заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырушы ұсталды. 24 жастағы Қазақстан азаматы Қырғызстанға жаяу кетіп бара жатқан жерінде қолға түсті, деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметінен.

Қырғызстаннан заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырғаны үшін күдікті Қазақстан азаматы ұсталды

«Ұсталған азамат «Сыпатай батыр» шекара заставасы мен шекаралық бақылау отряды учаскесінде заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырушы болып табылады. Бұған қоса, оның бір заңсыз мигрантты өткізу бекеті арқылы және одан айналып өткізгені үшін 10 мың теңге көлемінде пара алғандығы туралы мәлімет бар», - делінген баспасөз хабарламасында. Күдіктіні құрықтау барысында одан ақша, ұялы телефон, «Фольсваген Пассат» маркалы көліктің құжаттары алынды. Ол бұл көлікті заңсыз мигранттарды тасымалдау үшін пайдаланған.

Аталған факті туралы құқық қорғау органдарына хабарланды. Меркедегі аудандық прокуратура ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 330-3 бабының 1 тармағы бойынша заңсыз көші-қон ұйымдастырғаны үшін қылмыстық іс қозғады.