Қырғызстаннан заңсыз өткізілмек болған 1 тонна құс еті тәркіленді
АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Қордай шекара отряды «Қордай» заставасының жасағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекара сызығынан 5 метр жерде екі автокөлікті ұстады. Қырғызстанның мемлекеттік нөмірін иеленген «Митсубиси Делика» маркасындағы екі автокөлігінен жалпы салмағы 1 тоннаны құрайтын құс еті тәркіленді. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің баспасөз орталығынан хабарланды.
«Контрабандалық жүкті артып жатқан оншақты адам шекара жасағын байқай салысымен қаша жөнелген. Сосын олар шекарамен шектес аумақта резеңкелі су қайыққа отырып, іздерін жасырып үлгерді. Аталған факті бойынша Қордай ауданы Гвардия гарнизонының құқық қорғау органдары құлақтандырылды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта орын алған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.