Қырғызстанның арнайы қызметі Бішкек пен Оштағы лаңкестіктің алдын алды
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанның МҰҚК Бішкек пен Ош қаласында лаңкестік актілердің дайындалып жатқанын анықтағанын хабарлады. Қаскүнемдік әрекетті Ош облысының алты тумасы жүзеге асыруды жоспарлаған.
Қазіргі уақытта олардың бәрі ұсталып, Ош қаласындағы тергеу оқшаулағышына қамалды. Лаңкестікке бармақшы болғандардың ең үлкенінің жасы 33-те, ең кішісінің жасы 21-де. Бұл топтағылардың кейбіреулері Сириядағы лаңкестік ұйымдардың лагерлерінде болып, қақтығыстарға қатысқан. Енді біреулері қылмыс әлемінің өкілдері екен.
Бұл топ Бішкек пен Ошта лаңкестік әрекетті жүзеге асыруды, сондай-ақ ауқатты азаматтарға қатысты қарақшылық шабуылдар жасауды жоспарлаған. Олардың автокөліктерін тінту барысында қолдан жасалған шолақ мылтық, қайта жасалған газ тапаншасы, оқ-дәрілер мен бетперделер табылған.
Қырғызстанның арнайы қызметі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, қажетті шұғыл тергеу шараларын жүргізуде.