Қырғызстанның бұрынғы Президенті Асқар Ақаевтың қазаққа жер бергені рас па? - республикалық басылымдарға шолу

***
«Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті қазақ елі үшін тарихи оқиға деп санаймын. Елуден астам мемлекет басшылары осындай құрамда Кеңес Одағында да жиналған емес. Мұндай оқиға ТМД кеңістігінде де, Орталық Азияда да болған жоқ. Біріншіден бұл - біз үшін жаңа мүмкіндік және жаңа жауапкершілік. Әрине, саммиттің Астанада өткізілуі - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Сыртқы істер министрлігінің, осы бағытта жұмыс жасап жатқан азаматтардың және бүкіл қазақстандықтардың жеңісі. Бұл үлкен шешім үлкен саясаткерлік пен мәмілегерлікті қажет еткені сөзсіз», дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов. Саммитке қатысты ғалымдар мен шетелдік саясаткерлердің пікірлері «Айқын аптаның» бүгінгі санындағы «Астана саммиті - қазақ елі үшін тарихи оқиға» атты мақалада.
Сондай-ақ аталмыш басылымының жазуынша, Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевты осы елдің қазіргі Уақытша үкіметі басшысының орынбасары Әзімбек Бекназаров «елге қарсы ауыр қылмыс жасады» деп айыптап отыр. Қазіргі билік өкілдерінің айтуынша, Асқар Ақаев «Қазақстан мен Қытайға қырғыздың тарихи жерлерін берген» көрінеді. Осыған орай өтпелі кезең президенті
Роза Отынбаева Асқар Ақаевты тұңғыш Президент ретіндегі иммунитетінен айырып, Мәскеуден экстрадициялау туралы декретке қол қойды. Аталмыш мәселе жөнінде «Айқын апта» басылымының бүгінгі санындағы «Асқар Ақаев қазаққа жер беріп пе еді?» атты мақалада.
***
«Алаш айнасы» басылымының хабарлауынша, Арал теңізінің аймағында салынған «Көкарал» бөгетінде кеткен кемшіліктер қазір ашық әңгімеге айналып отыр. Оған қыруар қаржы жұмсалады. Қаншама күш-қайратты сарп еткен бөгет те орнатылды. Алайда оның кем-кетік тұстары көпшілікті елеңдетіп отырған жайы бар. Өйткені аталмыш су нысанының мол суды өз деңгейінде ұстап тұруға шамасы келер емес. Оны алып жобаны іске асыру барысында кеткен ағаттық деп санауға негіз бар. Аталмы мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Асығыс жасалған алып жобадан ақау шықты» атты мақалада.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, Кеңес Одағымен бірге келмеске кеткен дүниенің бірі мектепке киетін балалардың бірыңғай киім үлгілері еді. Тәуелсіздіктен бергі нарықтық қатынастар әлгіндей бір кездегі темір тәртіпті жоқ қылып, бірыңғай форманың орнын «ала-құлалық» басқан-ды. Ал ондай ала-құлалықтың астары әлеуметтік теңсіздік көрсеткішіне айнала жаздап, білім ордасы үлде мен бүлдеге оранғандар мен тұрмысы төмендер болып жарылудың алдында қалған. Дегенмен соңғы уақытта бұл жағдай жұртшылықтың -жан-жақты талқылауына ұласып, ресми органдар мен жергілікті билік
те мәселенің мәнісіне терең үңіле бастағанға ұқсайды. Мектеп оқушыларының киім үлгісіне байланысты өткен республикалық семинар-кеңесте көтерілген мәселелер жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Оқытушыға қарап, оқушы да бой түземек» атты мақалада.
***
«Нұр Астана» басылымының жазуынша, бүгінде дүниежүзі бойынша туризмнен түсетін табыс мұнайдан кейінгі екінші орында. Қазақстанның тамаша табиғаты, танымды тарихы туристік нысандарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік берері сөзсіз. Әсіресе қазақтың сайын сахарасы - Баянауыл, Бурабай, Алакөл, Алтай мен Алатаудың бөктері, Көкшенің сексен көлі. Екі дүние есігі - Түркістан, Ұлы жібек жолының бойы - қазақ жерінің болашағына үлкен капитал әкелетін орындар. Алайда Қазақстанның туризм саласы мол табысқа кенеле қойған жоқ. Бұл мәселе туралы «Нұр Астана» басылымындағы «Туризм бренді қашан қалыптасады?» атты мақалада.
***
«Қазақ тілінің жанайқайы жаңа бағдарламаны жасаушыларға жеткен сияқты. Оның басты артықшылығы - қазақ тілінің тағдырына жанашырлықпен қарағанда, Қайтсек бұрынғы қалпына оздырамыз деген талпыныс бар. Бағдарламадағы талап та, ниет те, тілек те өте жақсы. Бірақ қорқатыным - ниет жақсы әрекет болбыр, жігерсіз болса, істің оңға баспағаны. Бүгінгі тіл комитетінің өз қолындағы билікті толық пайдаланып, іске белсене кіріссе де, талай істі тындырары сөзсіз» дейді жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалы «Астана ақшамы» басылымына берген сұхбатында. Аталмыш басылымдағы «Бағдарлама іске ассын десек, құзіретті мекеме жұмыс істеуі керек» атты сұхбаттан жазушының үкімет дайындаған тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының жобасына қатысты пікірлерін біле аласыздар.
***
«Казахстанская правда» басылымының хабарлауынша, Қазақстан халқының басым бөлігі қоныстанған Алматыда тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу мен реконструкциялау жұмыстары бойынша 31 миллиард теңгенің 600-ге жуық инвестициялық жобалары іске асырылған. Осыған қарай жаңа жұмыс орындары ашылып, оқу орындарын аяқтаушылар үшін тәжірибе алуға мол мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ жалғызбасты және көпбалалаы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, сонымен қатар өзге де әлеуемттік жағынан аз қамтылған азаматтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары ашылды. Алматыда «Жол картасы» бағдарламасының аясында атқарылып жатқан істер жөнінде «Казахстанская паравда» басылымының осы санындағы «Больше работы хорошей и разной» атты мақалада.