Қырғызстанның бұрынғы президентін өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы сырттай шешім шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бәкиевті өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айырып, қамауға алу және мүлкін тәркілеу шешімі сырттай шықты, деп хабарлады «Интерфакс».
Бәкиев 2010 жылы 7 сәуірде жаппай қырып-жоюды ұйымдастырды деп айыпталды. Осындай кінә тағылған оның інісі мемлекеттік күзет қызметінің бұрынғы бастығы Жәнібек (СГО, Жаныш) Бәкиевтің де жазасы осындай болады. Судья ағайынды екеуі де қызметін асыра пайдаланып, адам өліміне қатысы бар деп танылғанын мәлімдеді. Олар 3 жылға мемлекеттік қызметтен шеттетілді.
Сонымен қатар мемлекеттік күзет қызметі бастығының бұрынғы орынбасарлары Данияр Дұнганов пен Нұрлан Темірбаев 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
Темірбаев қызметін асыра пайдаланып, митингке шыққандарды қарумен атыңдар деп бұйрық бергені үшін айыпталды. Арнайы қызметтің бұрынғы бастығы Мұрат Суталиновқа да осындай кінә тағылды, ол 20 жылын темір тордың ар жағында өткізетін болды.