Қырғызстанның бұрынғы вице-премьеріне қарсы қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қырғызстанның бұрынғы вице-премьер-министрі Тайырбек Сарпашевқа және Қырғызстан үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіркеу қызметінің өзге де лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды KABAR Қырғызстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қырғызстан Бас прокуратурасының мәлімдеуінше, 2017 жылдың 30 наурызында Қырғызстанның бұрынғы вице-премьер-министрі Тайырбек Сарпашевқа және Қырғызстан үкіметі жанындағы Мемлекеттік тіркеу қызметінің өзге де лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР ҚК304-бап, 4-бөлігінде көрсетілген қылмыс белгілері бойынша (Билікті асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғалды.
Қырғызстан азаматтарына өндірістік жарамсыздығы бар, ауыстырылуы тиіс бланкілер таратылған. «Туу туралы куәлік» бланкінің микромәтінінде «Неке қию туралы куәлік» деп жазылған.
Жоғарыда аталған туу туралы куәліктер ГРС органдарына берілген соң, азаматтардан 11 мыңнан астам шағым келіп түскен. Олар бланкілердегі өндірістік жарамсыздықтың өзге мемлекеттерге барғанда анықталғанын және соның кесірінен ел аумағына кіруге рұқсат берілмей, қайтадан Қырғызстанға депортацияланып, қосымша шығынға ұшырағандарын жеткізген.
Осылайша, 40 мыңға жуық жаңа туған сәбилер мен ата-аналарының және мемлекет пен қоғамның заңмен қорғалатын құқықтары бұзылды.
Аталған қылмыстық істі тергеу Қырғызстан МҰҚК тергеу басқармасына тапсырылды.