Қырғызстанның Ішкі істер министрі қазақ туристерін елге шақыруда - респубикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 10-ы, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Қырғызстанның Ішкі істер министрі қазақ туристерін елге шақыруда - респубикалық басылымдарға шолу

***

«Синоптиктердің болжамдарына қарағанда, үстіміздегі жылдың тамыз-қыркүйек айлары құрғақшылық жағдайында өтпек. Демек, осы уақыт аралығында өрт қауіпсіздігі мәселесі барынша қарастырылуы керек. Өкінішке орай, көптеген облыстарда бұған сай әзірліктер жасалынған жоқ. Мәселен, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары өрт сөндіруге қатысты жалпы жиыны 43 миллион теңгенің техникаларын сатып алуды жоспарласа, қалған облыстар бұл мәселеге мән бермеген болып шықты», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Кешегі өткен үкімет отырысындағы өрт қауіпсіздігімен байланысты көтерілген мәселелер жөнінде білгіңіз келсе, «Өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтіле түспек» атты мақаланы қараңыз.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қырғызстанның Ішкі істер министрі Құбатбек Байболов қазақ туристерін елге шақыруда. Министрдің айтуынша, қырғыз еліндегі туристердің қауіпсіздігін көптеген полиция қызметкерлерімен қоса, 400-ден астам қоғамдық жасақшылар да қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ демалыс орнындағы пансионаттарға жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері мен ішкі істер академиясының курстанттары тартылған. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санындағы «Ыстықкөл қауіпсіз бе?» атты мақалада.

Аталмыш басылымға сұхбат берген әйгілі демограф ғалым, Мақаш Тәтімовтың айтуынша, адамзат баласы түптің түбінде шексіз өсе бермейді. Бұл мүмкін де емес үдеріс. Өйткені экология бұзылып барады. Оның үстіне жер бетінде де егін егіп, жол салатын демалатын жерлер қалуы керек. 2-3 жылдан кейін адамзат баласы 7 миллиардқа жетеді. Бұл санның өзі аз емес. Өз екпінімен адамзат 20 жылдан

соң 8 миллиардтық межені бағындыра алады. Бірақ адам баласы 9 миллиардқа жетсе, бұл өте қауіпті. Себебі біріншіден, климат өзгеріп келе жатыр. Екіншіден, теңіз көтерілсе, бәрі су астында қалады. Ғалымның елдегі және жаһандық деңгейдегі демография мәселелеріне байланысты көзқарас, пікірін білгіңіз келсе, «Айқынның» бүгінгі санындағы «Қазақтың демографиялық базасы күшейіп келе жатыр» атты мақаланы қараңыз.

***

«Алаш айнасы» басылымы ақжолтай хабар айтып, сүйінші сұрапты. Басылымның хабарлауынша, Абайдың біз білетін әндерінен басқа, таяуда тағы екі әні мен бір күйі табылды. Әннің аты «Өзгеге көңілім тоярсың» деп аталады. «Бүгінде біз білетін әннің әуенін Сыдық Мұхамеджанов шығарған, алайда ақиқатында бұл өлеңнің Абай жазған әні бар. Оны Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің «Қазақтың 1000 әні» жинағына ән жинау барысында әнші Ерлан Рысқали тауып, орындаған», деп жазады басылым тілшісі. Бұл туралы «Айқынның» бүгінгі санындағы «Ұлы ақынның жаңа әні мен күйі табылды» атты мақалада.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, кеше Американдық «Washigton Post» басылымы АҚШ Қырғызстанның Ош қаласында тағы бір әскери база құруды жоспарлап отырғандығы жөнінде ақпарат таратқан. «Бұл бұрыннан айтылып келе жатқан гу-гу әңгімені қоздыра түсіп, іргедегі Қырғызстан «базастанға» айналады ма деген қаупімізді күшейтіп барады. Өйткені база бар жерде бәле бар. Сондықтан да кейде Қырғызстанда әлемдік державалардың ойын көрігін қыздыруына жол бермей, аймақ елдерінің барынша ара ағайындығымен ырықтандырған абзал болар ма еді деген ой санаға сап етеді», деп жазады «Алаш айнасы» «База бар жерде бәле бар» атты мақалада.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Жапонияның Сыртқы істер министрі Кацуе Окадамен бірге жүргізген келіссөздері барысында ядролық қарудан бас тарту мен атомды бейбіт мақсатта пайдалану мәселелері сөз болды. Онда сыртқы істер ведомстволарының басшылары осыдан 65 жыл бұрын болған қайғылы оқиғаны еске алды. Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған ядролық бомба жөнінде әңгімелей келе Мемлекеттік хатшы Қазақстанның да 1,5 миллионға жуық азаматтары 40 жыл жүргізілген ядролық сынақтың зардабын тартып келгендігін тілге тиек ете кетті. Осылайша тараптар ядролық қарудан азат әлем қалыптастыру мақсатында екі елдің күшін біріктіру қажет деген байламға келді. Келіссөздер барысында көтерілген осы және өзге де бірқатар мәселелер жөнінде «Казахстанская правда» басылымындағы «Вместе против ядерной угрозы» атты мақаладан білуге болады.

***

«Литер» басылымының хабарлауынша, Қазақстанға тағы да әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі шарасына атсалысуға тура келіп тұр. Ауа рауы қолайсыз болады деген болжамдарға қарамастан Қазақстан астықты экспорттаудан бас тарпайды. Мемлекет басшысы бір апта бұрын Ақордада болған мәжіліс барысында еліміздің экспорттық әлеуеті 2010-2011 жылдар аралығында 8 миллион тоннаны құрайтындығын айтқан болатын. Бұны Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы да растап отыр. Алайда қазақстандық астықты Әзірбайжан мен Иранға тасымалдауға баж салығын арттыру түрінде кедергі келтіріліп отыр. Бұл мәселе жөнінде «Литердің» бүгінгі санындағы «Зерном по экспорту» атты мақаладан білуге болады.