Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесінің басшысы елдегі жағдайдың тұрақсыздану ықтималдығы туралы әңгімені теріске шығарды

БІШКЕК. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Бүгін Интернетте бірқатар ақпараттық сайттарда қыркүйектің 18-20-сы күндері Ош қаласында бұқаралық тәртіпсіздіктердің күтіліп отырғаны туралы ақпарат пайда болды.

Қырғызстанның  Қауіпсіздік    кеңесінің  басшысы  елдегі жағдайдың   тұрақсыздану ықтималдығы  туралы    әңгімені   теріске  шығарды

Қырғызстанның Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Мұрат Иманқұлов мәлімдеме жасап, ол әңгімелерді теріске шығарды.

«Біздің мамандар әлгі өсекті таратқан дереккөзді (веб-сайт kginfo.com) тексерді, бірақ әзірге орындаушыларды анықтай алған жоқ. Бұл республикадағы қоғамдық үдерістерге іріткі салуға бағытталған нағыз арандатушылық әрекет. Менің ойымша, халықтың арасында дүрбелең туғызу үшін кейбір күштер осындай ақпараттарды әдейі тарататын сияқты. Қарапайым адамдарды қорқыту оңай. Ал әлгілер елімізге қастандық ойлаушылар. Сондықтан да, Қырғызстанда ешқандай толқу болмайды деп нық сеніммен мәлімдеймін. Біздің мамандар қайғылы оқиғаларға жол бермес үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда», деп мәлім етті Қырғыз Республикасының Қауіпсіздік кеңесінің басшысы.