Қырғызстанның оңтүстігінде сел салдарынан көпір бұзылып, үй маңындағы аумақтарды су басты

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанның оңтүстік аймақтарында толассыз жаңбыр салдарынан көпір бұзылып, үйлердің учаскелерін су басты. Бұл туралы Қырғызстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қырғызстанның оңтүстігінде сел салдарынан көпір бұзылып, үй маңындағы аумақтарды су басты

«Жалал-Абад облысы Ала-Бұка ауданының Кош-Болот ауылында 17 мамырда сағат 14:00-де жауын салдарынан сел туындап, 4 тұрғын үйдің бақшалары мен қора-қопсысын су басты, ішкішаруашылық жолдар қиыршық тастармен толтырылды», - деп атап өтті ведомствода.

Ақпарат бойынша, Теңге ауылында сел Көксерек өзеніндегі Акпаралиева көшесі бойында орналасқан көпірге зақым келтірді. Сондай-ақ сел Көксерек өзеніндегі Каратопырақ көшесі бойындағы көпірді бұзды. Оның салдарынан 22 жанұяға баратын жол кесілді. Ақтайлак ауылында осы өзеннің Шейіт-Мазар учаскесінде көпірдің бір бөлігі қирап, төрт ауылға баратын жол жабылды.

«Таш-Арық ауылында 100 жанұяны сумен қамтыған жүйеге зақым келді. Шакафтар ауылында да осындай жағдай орын алды», - деп хабарлады ТЖМ.