Қырғызстанның оңтүстігінде жаңа шекара заставасы құрылмақ

Президенттің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Р.Отынбаева 2 мамыр күні Баткен облысындағы шекара заставаларын аралады. Қырғызстан Президенті ат басын тіреген бірінші нысан - Құлынды» шекара заставасы болды.
Қырғыз Республикасы Шекара қызметі басшысының орынбасары Шолпонбек Тұрысбеков ел Президентін мемлекеттік шекараны күзету жүйесін жетілдіру жоспары туралы хабардар етті, туындап отырған проблемалар мен қиыншылықтарға да тоқталды. Р.Отынбаева ханым өз кезегінде, әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу арқылы шекара іргесіндегі халықтың әлеуетін нығайту қажеттілігін атап көрсетті.
Қырғыз Президенті одан кейін «Интернационал-Мақсат» айналма жолының құрылысымен танысты, «Достық» шекара заставасында болды. Сапарының соңында Р.Отынбаева Арқа алқабына ат басын тіреп, оны дамыту жөніндегі кешенді жоспармен танысты. Сондай-ақ осы учаскеде мемлекеттік шекараны күзету және есірткі трафигі мен трансшекаралық қылмысқа тосқауыл құру мақсатында құрылғалы отырған «Арқа» шекара заставасының жобасымен танысты.