Қырғызстанның оңтүстігіндегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты Қазақстан полициясының қызметі күшейтілген тәртіпке көшірілді - ІІМ
АСТАНА. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қырғызстанның оңтүстігіндегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты Қазақстан полициясының қызметі күшейтілген тәртіпке көшірілді.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов мәлім етті.
«Ел полициясының қызметі күшейтілген тәртіпке көшірілді», - деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін журналистер сауалына жауап беру кезінде.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы мәліметтер бойынша, Қырғызстанның оңтүстігіндегі жаппай тәртіпсіздік салдарынан адамдар қаза болуда, жаралылардың саны шапшаң өсу үстінде. БАҚ-тарда таратылған мәліметке қарағанда, қазіргі кезде қаза болғандардың саны 117-ге жеткен.