Қырғызстанның Орталық сайлау комитетіне парламенттік сайлаудың қорытынды нәтижелерін шығару үшін уақыт керек
БІШКЕК. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат /Арнұр Рахымбеков/ - Қырғызстан президенті өзінің бейнекүнделігі арқылы елдегі соңғы саяси жағдайға түсінік бере кетті.
Көрші республика басшысының бейнекүнделігіндегі соңғы жазба парламенттік сайлау нәтижелерін шығару және парламенттік коалицияны қалыптастыруға байланысты елде қалыптасқан саяси ахуалға арналған екен.
Роза Отынбаева атап өткендей, дауыс берудің алдын ала нәтижелеріне сәйкес парламент құрамына кіруі мүмкін саяси партиялар көшбасшыларымен кездесу кезінде Орталық сайлау комиссиясына дауыс берудің соңғы нәтижелерін шығару үшін уақыт керектігі туралы шешім қабылданды.
Осы уақыт ішінде Қырғызстанның ОСК сайлау комиcсиялары мен саяси партиялардан түскен хаттамаларды салыстырады. Хаттамалардың түпнұсқалары салынған сейф-пакеттерді ашу шарасына саяси партиялардың өкілдері қатысады.
Еске сала кетейік, Қырғызстандағы парламенттік сайлау қазанның 10-ында өткізілді. Оған ел азаматтарының 56 пайызы қатысып, жиырма тоғыз саяси партия үшін өз дауыстарын берді.