Қырғызстанның шекарасын салт аттылар күзететін болады
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат - Қырғызстан Президенті Роза Отынбаева елдің оңтүстік шептерін күзету үшін салт аттылар отрядын құруды ұсынды.
Отынбаеваның айтуынша, өткен жаздағы көрші Тәжікстан жақтан республика аумағына содырлар жасағы басып кіру ықтималдығы туралы ақпараттарға байланысты осындай қажеттілік туындап отыр. Бұл туралы РТР-Вести.Ru басылымы хабарлады.
«Шекарашылардың аздығына байланысты, ел шебін күзетуге жергілікті тұрғындардан жасақталған салт аттылар отрядтары тартылуы керек деп санаймын», деп мәлім етті Отынбаева Ош қаласында оңтүстік аудандардың активтерімен болған кездесуде. Республика басшысы сондай-ақ қосымша заставалар мен блок-бекеттер салу жоспарын жария етті және шекарашылар штатын кеңейтуге және оларға аммунициялар алуға биыл қосымша қаражаттар бөлінетінін айтты.
Республикалық шекара қызметінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда Қырғызстанның мемлекеттік шекарасының әр шақырымына орта есеппен бір шекарашыдан келеді екен. Ал көрші Тәжікстан мен Өзбекстанда бұл көрсеткіш 9-10 адамды құрайды.