Қырғызстанның уақытша үкіметі Бакиевтерді ұстап бергендерге сыйақы тағайындап отыр
АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат - Қырғызстанның уақытша үкіметі сәуірдің 7-сінде адамдарды жаппай қыруға кінәлі тұлғаларды ұстап бергендерге ақшалай сыйлықтар тағайындап отыр.
Бұл туралы бүгін «Халық сенімі үкіметі» төрағасының орынбасары Алмазбек Атамбаев мәлім етті.
«Кінәлілер» деп елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев, оның бауыры Жанышбек және ұлдары Максим мен Марат Бакиевтер айтылып отыр, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Олардың барлығы, сәуірдің 7-сінде Үкімет үйін шабуылдаған демонстранттарға қарсы оқ атуға бұйрық берді деп айыпталып отыр. Митингке қатысушы 80-нен астам адам атыс-шабыстың салдарынан қаза болып, көшедегі тәртіпсіздіктерге қатысушы тағы 1,5 мыңнан астам адам жарақат алған болатын.
Қырғыз Республикасының Бас прокуратурасы осы факті бойынша Бакиевтерге қарсы қылмыстық іс қозғады.
Александр Лукашенконың шақыруы бойынша қазір Беларус елінде жүрген Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев жақында қол сұғылмаушылық иммунитетінен айрылған еді. Оның соңғы мәлімдемелеріне сүйенсек, ол президенттік қызметіне «нүкте қойды» және Қырғызстанға оралмақ емес. Дегенмен, Қ.Бакиев әлі іс жүзінде мемлекет басшысы болып қалып отырғанын, себебі Жогорку Кеңеш оның отставкасын қабылдамағанын айтып отыр.