Қырғызстанның жүк тасымалдаушылары Қазақстанның көлік заңнамаларын жиі бұзуда - ИДМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы кездері қырғыз жүк тасымалдаушыларының Қазақстан Республикасының көлік заңнамаларын бұзу фактілері жиіледі, деп хабарлайды Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, 8 қараша күні сағат 07:00-ден 9 қараша сағат 07:00-ге дейін Қырғызстанның 136 автокөлік құралдарын тексеру барысында 15 ереже бұзу жағдайлары анықталды.
Нақтырақ айтқанда, тексеру кезінде тез бұзылатын жүкті халықаралық бағытпен тасымалдауға рұқсат беретін сертификатсыз жүрудің 3 фактісі, тауар-көлік жүк қағазынсыз жүрудің (CMR) 5 фактісі, салмақ-өлшем параметрлерінің бұзылуының 4 фактісі, қауіпті жүкті тасымалдау ережелерінің бұзылуының 2 жағдайы, көлік бақылау бекеттерінде көлік бақылау органдарының көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамаудың 1 дерегі тіркелді.
«Айыппұл және алымдардың сомасы 1 898 850 теңгені құрады. Анықталған ереже бұзушылықтар туралы ақпарат Қырғыз Республикасына берілді»,-делінген баспасөз баянында.