Қыркүйекке дейін Калачи ауылынан тағы 18 отбасы көшіріледі - Ақмола облысы (ФОТО)
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Алдағы қыркүйек айына дейін Ақмола облысының Есіл ауданындағы «ұйқылы» Калачи ауылынан тағы 18 отбасын көшіру жоспарланып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Сергей Кулагиннің Жақсы және Есіл аудандарына жұмыс сапарында айтылды.
Аймақ басшысы алдымен Жақсы ауданында «Агрофирма ТНК» ЖШС егістік алқаптарын аралап көріп, егіннің жайымен танысты. Бұл туралы аталған серіктестіктің бас директорының орынбасары Ершат Беков айтып берді. Оның айтуына қарағанда бірнеше серіктестіктің басын біріктіріп отырған өңірдегі іргелі шаруашылықтың бүгінгі таңда егіні бітік шығып, алдағы қоңыр күзде мол өнім жинауға үміт бар. Серіктестік осы күні қысқа шөп дайындау жұмыстарын қызу қолға алған. Оған қоса, егінді өсімдік зиянкестерінен қорғау шараларын кешенді түрде жүргізуде. Қазіргі кезде 200 мың гектар егістік алқаптың 85 мың гектарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.
Аймақ басшысы осында жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, күзгі егін орағына дайындықтың қам-қарекетін осы бастан қолға алуды тапсырды.
Ал, Есіл ауданында болған аймақ басшысы аудан орталығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 40 пәтерлі тұрғын үй және жаңадан салынып жатқан аудандық орталық бу қазандығының құрылысымен танысты. Аталған тұрғын үйді қыркүйек айында тапсыру көзделген. Құрылыс жұмыстарын «Таир» ЖШС жүргізуде. Бұл үйге негізінен бюджеттік сала қызметкерлері, жетім балалар және Калачи аулының тұрғындарын қоныстандыру көзделген.
Осы жерде аймақ басшысы алдағы қыркүйек айына дейін «ұйқы» ауруынан зарап шегетін Калачи ауылынан тағы бірнеше отбасын көшіру жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Біз Калачи тұрғындарын Есіл және Державинск қаласына көшіруді шештік. Державинск қаласында үш үйді қалпына келтірдік. Дегенмен, тұрғындар асығар емес. Сондықтан, біз келісім берген 18 отбасын қыркүйек айына дейін көшіруді жоспарлап отырмыз. Ал, қалған адамдардың өз еркінде. Сонда қаламын дегендерге жағдай жасайтын боламыз. Бірақ та, мынандай мүмкіндікті жіберіп алмағаны дұрыс. Қыркүйек айына дейін ойлануға уақыт береміз. Көшпейміз десе, Есіл және Державинск қалаларында оларға арналған пәтерлерді онда жетім балаларға беретін боламыз», - деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Сапар соңында аймақ басшысы Есіл ауданының да егістік алқаптарын аралап шығып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесті.
