Қыркүйекте аудармашы ақындардың республикалық конкурсы өтеді

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті ағымдағы жылдың қыркүйек айында қазақ ақындары шығармаларының орыс және ағылшын тілдеріне аударылуына қолдау көрсету мақсатында аудармашы ақындардың республикалық конкурсын өткізеді,

Қыркүйекте аудармашы ақындардың республикалық конкурсы өтеді

 деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Тіл комитетінің мәліметінше, конкурстың шарттары мынадай: аудармашы ақындардың республикалық конкурсына қазақ поэзиясын орыс және ағылшын тіліне аударып, насихаттап жүрген аудармашы ақындар қатыса алады. Қатысушылардың жасына шек қойылмайды. Республикалық конкурсқа қатысу үшін үміткер бұрын жарияланбаған орыс немесе ағылшын тіліндегі 100 - 150 жол аудармасын (қазақ тіліндегі түпнұсқасымен бірге) және өзі туралы мәліметтерді (қысқаша өмірбаяны, әдебиет саласындағы еңбектері көрсетілген анықтамалық парақша) 2009 жылғы қыркүйектің 1-іне дейін Ұйымдастыру комитетіне жолдауға тиіс.

Жолданған шығармалар қазылар алқасының саралауы мен іріктеуінен өтеді. Үздік деп танылған үміткерлер республикалық конкурстың келесі кезеңіне арнайы шақырылады. Конкурстың бұл шешуші кезеңінде ең алдымен үміткер  аударылған шығарманы таныстырып, оны түпнұсқа тілінде қазақша оқиды (немесе басқа адамға не конкурсты жүргізушілерге оқытуға болады);  Одан кейін аудармашы өз тәржімесін оқиды. Әр үміткерге 10 минут уақыт беріледі. Осы уақытта берілген шарттар толығымен қамтылып, тапсырма орындалуы керек. Мұнда қатысушының аудармасындағы аудару шеберліктері, тапқырлығы, ойды жеткізуі, өлеңдерді таңдай білуі, тәржімәлік шеберлігі жан-жақты көрініс табуы тиіс. Өлең оқу кезінде музыкалық сүйемелдеуді, электрондық бейне көріністерді қолдануына болады.
Алдын-ала іріктеуден өткен конкурсқа қатысушы үміткерлер шығармашылық өнерін 5 адамнан тұратын қазылар алқасы бағалайды. Олар әрбір қатысушыға 1-ден 10-ға дейінгі балдық баға беру әдісін пайдаланады. Жеңімпаз жинаған балл саны бойынша айқындалады.


Шара тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын орындау, қазақтың әдеби тілі мен тіл мәдениетін, қазақ поэзиясын насихаттау мақсатында өткізілгелі отыр. 
Қазақ поэзиясын басқа тілдерге аудару үрдісіне қолдау көрсету; қазіргі заманғы қазақ поэзиясын орыс тілді аудиторияға жеткізу; аудармашы ақындардың біліктілігі мен тәжірибесін жетілдіруге ықпал ету; аудармашы ақын-жазушыларды моральдік және материалдық тұрғыдан көтермелеу конкурстың мақсаты мен міндеттері болып табылады.