Қыркүйекте азық-түлік бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артты - Статистика агенттігі
АСТАНА. Қазанның 2-cі. ҚазАқпарат - 2010 жылдың қыркүйек айында еліміздегі азық-түлік тауарларының бағасы 2009 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 6,5 пайызға өсті.
Бұл туралы ҚазАқпарат Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік мәліметтеріне қарағанда, ағымдағы жылғы қыркүйекте өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда баға қантқа 16,4 пайыз, кофе, шай және какаоға - 12,7 пайыз, май және тоң майға - 10,9 пайыз, кондитерлік өнімдерге - 8,3 пайызға өскен. Сонымен қатар, сүт өнімдерінің бағасы - 8,1 пайызға, тоқаш пен ұн өнімдеріне, алкогольді ішімдіктерге - 5 пайыздан, жемістер мен көкөністерге - 4,4 пайыз, жармаға - 2,1 пайызға өскені тіркелген. Ал бағаның төмендеуі ұнға 13,7 пайызды, макарон өнімдеріне - 1,8 пайызды, нанға - 1,5 пайызды құраған. Бұдан бөлек, есепті кезеңде ет және ет өнімдері бағасының өсімі 10,9 пайыз деңгейінде болды. Атап айтқанда, қой етіне баға деңгейі 9,4 пайыз, шұжық өнімдеріне - 8 пайыз, шошқа етіне - 7,6 пайыз, құс етіне - 6,9 пайыз, жылқы етіне - 4,1 пайызға жоғарылады.