Қыркүйектегі жағдай бойынша 6 млн гектар егін алқабы орылды - С.Омаров (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 13 қыркүйектегі жағдай бойынша, елімізде 6 млн гектар егін алқабы орылды. Бұл туралы бүгін «Ақмол-феникс» кәсіпорнына ұйымдастырылған пресс-тур барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров мәлім етті.

Қыркүйектегі жағдай бойынша 6 млн гектар егін алқабы орылды - С.Омаров  (ФОТО)

«Биыл барлық ауыл шаруашылық дақылдарының егіс алқабы 21,2 млн гектарды құрайды. Оның ішінде, дәнді дақылдар 14,9 млн гектарды, бидай 11,7 млн гектарды, майлы дақылдар егілген алқап 2 млн гектарды құрайды. Мал азықтары дақылдары 3,7 млн гектарға, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп 425 мың гектарға орналастырылды. Былтырғы жылдың көрсеткіштерімен салыстыратыр болсақ, жемдік жарма бұршақ дақылдары 316 мың гектарға,көкөніс, бақша дақылдары мен картоп 12,5 мың гектарға, мал азықтары дақылдары 400 мың гектарға, қант қызылшасы 7,4 мың гектарға көбейді»,-деді вице-министр. Оның айтуынша, табиғи факторларға байланысты, кейбір өңірлерде егін ору науқаны ақырын жүріп жатыр. Дегенмен, ел бойынша, астық бастыру науқаны жоспарға сай. «Қазір барлық өңірлерде егін жинау науқаны жүріп жатыр. Оңтүстік өңірлерде егіс жинау науқаны аяқталып қалды. Ол аймақта қазір күріш пен жүгері жинау жұмыстары ғана қалды. Астық жинау науқаны ақырын жүріп жатқан өңірлер - Ақтөбе жəне Батыс Қазақстан облыстары. Бұл ауа райының қолайсыздығына байланысты туындап отырған мəселе. Ал, жалпы алғанда, 13 қыркүйектегі жағдай бойынша, 6 млн гектар жердегі астық жиналды. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңіндегі жағдаймен салыстырғанда, 250 мың гектарға артық»,-деді вице-министр.