Қыркүйектен бастап балық өнімдері ГМО-ға қатысты айрықша тексеріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап Еуразиялық экономикалық одақ аумағында балық және балық өнімдерін өндіруге, сақтау мен сатуға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді.

Қыркүйектен бастап балық өнімдері ГМО-ға қатысты айрықша тексеріледі

Бұл туралы бүгін елордадағы «Эталон орталығында» осы мәселеге арналған жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғалымжан Дұғаловтың сөзіне қарағанда, бұл талаптар ЕАЭО-ның барлық аумағында күшіне енеді. Аталған техникалық регламенттің талаптарына сәйкес емес өнім нарыққа шығарылмайды.

«Регламентті даярлаудың басты мақсаты - адам өмірі мен денсаулығын, жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға, тұтынушылардың алдануына әкеп соғатын әрекеттерді болдырмауға бағытталған. Бұл техникалық регламент тұтынуға бағытталған балық өнімдеріне таралады»,-деді Ғ. Дұғалов.

Өз кезегінде ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Тамақ өнімдері және орны ауыстырылатын нысандар қауіпсіздігі басқармасының басшысы Александр Раззаренов енгізілген жаңашылдықтарға тоқталды. Осы орайда ол негізгі өнімнің қауіпсіздік талаптарына тікелей қатысты жеке бөлім бар екенін сөз етті.

«Тағамдық балық өнімдерде гормоналды препараттар, натуралды және синтетикалық заттар, сондай-ақ ГМО  болмауы тиіс»,-деп атап өтті Раззаренов.

Аталған құжат ЕАЭО-ға мүше барлық елдердің мамандарының қатысуымен әзірленді.