Қыркүйектен бастап барлық зияткерлік мектептер балаларды 7- сыныптан бастап қабылдайды
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап, еліміздегі барлық зияткерлік мектептер балаларды 7-сыныптан бастап қабылдайды.
Бұл туралы бүгін 2010 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысымен таныстырған «Назарбаев зияткерлік мектептері» акционерлік қоғамының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мәлім етті.
Оның айтуынша, 2010 жылы акционерлік қоғам өкілдері көптеген шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін сараптаған. Сараптау жұмыстарының нәтижесі физика, химия, биология және математика салалары бойынша дарынды балаларды 12 жастан бастап таңдау қажеттігін көрсеткен. «Сондықтан біз еліміздегі барлық зияткерлік мектептерде балаларды 7-сыныптан бастап қабылдау жөнінде Елбасы мен Үкіметке ұсыныс жасадық. Балаларды қабылдау конкурстық таңдау негізінде жүзеге асады. Осыған қарай қазір екі білім беру үлгісін енгізу көзделіп отыр. Оның біріншісі ықпалдастырылған және экспериментті білім беру бағдарламаларын енгізуді қарастырады. Оның аясында біз ұлттық және шетелдік тәжірибені қолдануды көздеп отырмыз. Аталмыш білім беру үлгісі екі түрлі құрылым бойынша енгізіледі»,-деді Басқарма төрайымы.
Оның сөзінше, бірінші құрылым Талдықорғанда жүзеге асырылады. «Біз ондағы мектепте 3 жастан бастап мектепке дейінгі білім беруі жүйесін енгізіп, ал мектепте 1-ден 12-сыныпқа дейін тәрбиелеуді жөн көріп отырмыз. Бұл жүйе мектепке дейінгі мекемеден бастап бастауыш мектеп, негізгі мектеп және жоғары мектеп сатылары бойынша үздіксіз білім беруді қамтамасыз етеді. Ал Астана, Алматы, Семей қалалары мен еліміздің өзге облыс орталықтарында жұмыс істейтін барлығы 18 зияткерлік мектепте бұл жүйе 7-сыныптан бастап енгізіледі. Яғни осы жүйе негізгі және жоғары мектептерде қолданылатын болады. Сондай-ақ Астанадағы бір зияткерлік мектепте халықаралық бакалавриат бағдарламасы пайдаланылатын болады. Бұл бүкіл әлем мойындаған озық білім беру жүйесі»,-деді Күләш Шәмшидинова.