Қыркүйектің 1-іне дейін елордада 7 балабақша пайдалануға беріледі, оның 5-еуі жаңадан салынған

деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Бүгін қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов ағымдағы жылы ашылуға дайын болатын 7 балабақшаны аралады.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, қала басшысы аралаған нысандардың 2-еуі бұрындары басқа мекемелерге беріліп, кейіннен мемлекетке қайтарылған. Бұған дейін әскери комиссариат қоныстанған Затаевич көшесіндегі 16/1 үй енді - 240 орындық, ал бұрын әскери бөлім орналасқан Мәскеу көшесіндегі 38-ші ғимарат 140 орындық балабақшаға айналады. Бұл нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына бюджеттен 650 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Сонымен қатар оқу жылының басталуына дейін 5 жаңадан салынған балабақша тағы да 1240 мектеп жасына дейінгі баланы қабылдайды», делінген баспасөз хабарламасында.
Ағымдағы жылдың басында елордада 39 мемлекеттік балабақша жұмыс істеген болатын, қазіргі уақытта олардың саны 48-ге жетіп отыр. Сондай-ақ 5 жеке балабақша ашылып, мекеме қатары 27-ге жетті.