Қыркүйектің 20-30 аралығында «Astana Ballet» хореографиялық ұжымы әлемдік турнеге шығады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыркүйектің 20-30 аралығында «Astana Ballet» хореографиялық ұжымы әлемдік турнеге шығады. Бұл туралы бүгін өткен соңғы дайындық репетициясы барысында бас балетмейстер Айгүл Тати айтты.

Қыркүйектің 20-30 аралығында «Astana Ballet» хореографиялық ұжымы әлемдік турнеге шығады

Оның мәліметінше, турне шеңберінде болатын гастрольдік сапар әлем мойындаған белгілі мәдениет орталықтары - Париж, Вена, Мәскеу қалаларында өтеді.

«Бұл сапар біз үшін үлкен мәртебе. 20 қыркүйекте біздің ұжым Париждің Le Palais des Congres de Paris театрында өнер көрсетеді, сондай-ақ Қазақстанның Франциядағы мәдениет күндеріне қатысамыз. Содан кейін 24 қыркүйекте Венадағы Halle концерт залында, ал 30 қыркүйекте Мәскеудің К. Станиславский және В. Немирович-Данченко атындағы музыкалық академиялық театрында өнер көрсетеміз», - деп атап өтті маман.

Оның айтуынша, Париж бен Вена көрермендеріне 2 бөлімнен тұратын бағдарлама көрсетіледі.

«Бірінші бөлімге талантты қазақстандық және шетелдік балетмейстердің үздік жұмыстарын көрсететін «Шығыс рапсодиясы» концерттік бағдарламасынан нөмірлері қамтылған. Хореографиялық композициялар Қ. Шілдебаев, И. Стравинский, К. Дженкинсон, Е. Құсайыновтардың және «Тұран» этно-форльклорлық тобының музыкаларымен өрілген. Поэтикалық туындылардың авторы белгілі қазақстандық ақын Бақыт Қайырбеков», - деп атап өтті А. Тати.

Ал екінші бөлімде көрермендер «Astana Ballet» репертуарындағы қазіргі заман стиліндегі алғашқы ірі қойылым болып саналатын бір актілі «Әлем» балетін тамашалай алады.

Айта кетейік, ұжым Мәскеуде танымал ресейлік хореограф Никита Дмитриевский қойған «Әлем» балетін ұсынады. Балет заманауи әлемдік ағымдар мен қазақ би өнері дәстүрлі желісінің нәзік синтезінде құрылған. Спектакльдің визуалдық тұжырымдамасын Қазақстанның бай мәдениетінің ерекшеліктерін ескере отырып Леонид Басин дайындады. Музыкасы Арманд Амар мен Болат Гафаровтікі, либреттосын Б. Қайырбеков жазған.