Қырым қанды безгегінің алғашқы белгілері байқалған сәттен дәрігерге дереу көріну керек - ДСМ

АСТАНА. 28 шілде. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында өліммен аяқталған қырым қанды безгегі оқиғасының тіркелгенін хабарлайды.

Қырым қанды  безгегінің алғашқы белгілері байқалған сәттен  дәрігерге дереу   көріну керек - ДСМ

Науқастың дереу дәрігерге көрініп, 21 шілде күні ауруханаға жатқызылғанына және жасалған кешенді ем-домға қарамастан, ол кеше, 27 шілде күні көз жұмды. Онымен қарым-қатынаста болған адамдардың бәрі медициналық бақылауға алынды.

Республикамыздың қырым қанды безгегі бойынша эндемиялық өңірлерінде - Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында жылдың басынан бері осынау қатерлі дерттің таралуының алдын алу жөніндегі шаралар белсенді жүргізіліп келеді.

Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарға дене қызуының көтерілуі, қан кету, лоқсу, кене шағу сияқты қырым қанды безгегінің алғашқы белгілері байқалған сәттен дәрігерге дереу көріну керектігін тағы да ескертеді.