Қырымбек Көшербаев: Бізде дарынды жастар көп, оларға қолдау қажет
Қызылорда. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есепті кездесуін өткізді. Салтанатты шараға қатысушылардың саны өте көп болды. Ал, залға сыймай қалған тұрғындар жергілікті телеарна мен әлеуметтік желі арқылы тікелей трансляцияны тамашалауға мүмкіндік алды. Кездесуде өткен жылы аймақта атқарылған жұмыстарды қорытындылаған аймақ басшысы алдағы уақыттағы мақсаттарымен бөлісті.
Қырымбек Көшербаев осыдан тура 5 жыл Қызылорда облысына әкім болып тағайындалды. Осы уақыт аралығында өңірдегі бірнеше түйткілді мәселелер шешімін тапты. Халық алдына шығып, сөз алған аймақ басшысы бір жарым сағатқа жуық уақыт баяндама жасады.
Жалпы, 2017 жылы Қызылорда облысында көптеген жұмыстар атқарылды. Апатты тұрғын үйлер мәселесі түбегейлі шешімін тауып, тозығы жеткен баспанадан шаршаған 309 отбасы қоныстойын тойлады. Жалпы соңғы 5 жылда облыста 2 млн. шаршы метр аумаққа тұрғын үй бой көтерген. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй салынса, қазір бұл көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асады. Сонымен қатар, соңғы жылдары облыс орталығында 14 жаңа шағын аудан бой көтерген. Ал, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Орда» жобасы қолға алынды.
Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, жаңа жобалар жүзеге асты. Жалпы, соңғы 5 жылда облыс аумағында 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласына көңіл бөлініп, 5 жылда 57 нысан салынды. Нәтижесінде қауіпті дертке шалдыққандардың саны азайды. Қазіргі күні Сырдарияның сол жағалауын игеру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Көздің жауын алар көрікті қала бой көтеріп келе жатыр.
«Қызылорданың жастары өте дарынды, оларға тек қолдау көрсету керек. Сол себепті апатты мектептер мәселесін шешу - басты мақсат болды. Қазіргі күні бұл тұрғыда облыс бойынша проблема жоқ. Өткен жылы мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына оқуға түсті. Бұл біз үшін үлкен жетістік. 2013 жылмен салыстырғанда білім беру саласының бюджеті бүгінде 2 есеге өскен. Жастарымыз шетелде оқуға мүмкіндік алды. Әсіресе, Ресейде білім алып жатқан түлектерге үлкен үміт артамын. Олар біздің болашағымызды кемелді ете алады», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жиын барысында Мәскеу қаласында білім алып жатқан қызылордалық студенттер тікелей байланысқа шықты. Жас өрендер армандарын жүзеге асыруға мүмкіндік берген аймақ басшысына ризашылықтарын білдірді.
«Келекшекте біздің түлектер Мәскеу мемлекеттік университетінде де білім алатын болады. Үздік математиктерді даярлауды қолға алуымыз керек. Сондай-ақ, Татарстан еліне барған сапарымызда осы мәселені алға қойдық. Сыр бойылық жастар ең үздік оқу орындарында білім алуға лайық», - деп атап өтті Қырымбек Елеуұлы.
Байқоңырды дамыту мақсатында Қазақстан мен Ресейдің арасында қаланы ұзақ мерзімді дамытудың бірлескен бағдарламасы жасалған. Жоба аясында қаланың тіршілік ету орталықтарының жай-күйін жақсарту және тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары басталды. Одан бөлек, келіссөздердің нәтижесінде 2017 жылы Ресей Федерациясының жалдауынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін 11,6 мың гектар жер қайтарылып алынған. Қазір Ресей тарапымен жалдаудан 3,4 мың гектар жерді алуға келіссөздер жүргізілуде.
Байқоңыр қаласын газдандыру, 5 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы, ауыз сумен жабдықтау және жалпы су жүйесін жаңғырту жұмыстары басталып кетті.
Жиынға келгендер облыстық даму тенденциясы тақырыбында әзірленген арнайы бейнероликті де тамашалады. Мұнан соң облыс әкімі тұрғындардан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.
«Қызылордалықтарды қоғамдық көлік мәселесі қатты алаңдатады. Нақты айтқым келеді, биыл қоғамдық көліктің құны көтерілмейді. Жолаушыларды тасымалдау сапасын жақсарту үшін қосымша автобустар әкелінеді. Бұл сала ұдайы менің бақылауымда», - деді аймақ басшысы.
Залға жиналғандардан бөлек, аудан тұрғындары да облыс әкіміне сауалдарын жолдады. Тікелей байланысқа шыққан қызылордалықтар көкейдегі сұрақтарына мардымды жауап алды. Әр өңірдің азаматымен сөйлескен облыс әкімі проблемаларымен егжей-тегжейлі танысып, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Call-Орталыққа келіп түскен хаттардың ешқайсысы назардан тыс қалмайтын болады.
Айнұр Төлешова