Қыс басталғалы көлігі бұзылып, қар құрсауында қалған 506 жолаушы құтқарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тасжолда қысқы күтіп ұстау жұмысы басталғаннан бері жолшылар 500-ден астам адамға көмек көрсетті. Оның қатарында шетел азаматтары да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазан айынан бері республикалық маңыздағы автожолдарда қозғалыс 150 реттен астам шектелді.
Осы уақыт аралығында жолшылар 200-ден астам көлікті жылы боксқа орналастырып, 506 адамды жылыту пунктіне жеткізді.
Қысқы күтіп ұстау жұмыстары аясында жол қызметтері күшейтілген режимге ауыстырылды.
Желтоқсанның 21-інен 22-сіне қараған түні жолшылар республикалық маңыздағы тасжолдарға 1050 текше метр құм-тұз қоспасын сеуіп, өңдеді.
Республикалық маңызы бар автожолдар ашық. Қазір 200-ден астам техника жұмысын жалғастырып жатыр.
Айта кету қажет, қар құрсауында қалып қоятындардың қатарында дауылды ескерту мен жолдың жабылғанын елемей алыс сапарға шығып кететіндер аз емес.
Аталмыш хабарламаларды ескеріп, ауа райы болжамын жіті қадағалаған абзал.
Ал тасжолдарда штаттан тыс жағдай туындаса тұрғындар 1403 байланыс орталығына хабарласа алады.
Мәселен, өткен түнде байланыс орталығының операторлары 2 мыңға жуық қоңырауға жауап берді.