Қыс мезгiлiндегi төтенше жағдайларды жоюға жергiлiктi атқарушы органдардың резервiнде 8 млрд. теңге қарастырылған

Ағымдағы жылы министрлiктiң құтқарушы бөлiмдерi қыс мезгiлiндегi төтенше жағдайларға уақытылы және тиiмдi ден қоюы үшiн 556 жоғары өтiмдi техникамен жарақталды. "Зардап шеккен адамдарды жедел iздеу, құтқару, эвакуациялау және оларға шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы аясында биыл 16 тiкұшақ сатып алынады. Заманауи медициналық техникамен жабдықталған тiкұшақтар елiмiздiң облыстарында құтқару жұмыстарын орындауға кезекшiлiктi жүзеге асыратын болады", - дедi В. Петров.
Министрлiк мәлiметi бойынша, елiмiздiң республикалық жолдарында 12 күрежолдық медициналық-құтқару пунктi жұмыс iстейдi. Жыл соңына дейiн тағы 14 пункт пайдалануға берiлмек. Олар республикалық автожолдардың апаттық қаупi жоғары бөлiктерiнде жол-көлiк оқиғалары кезiнде ауыр жарақат алған жәбiрленушiлердiң өмiрiне тез арада араша түсуге арналған.
ҚР ТЖМ елдегi қазандықтардың дайындығына да тексерiс жүргiзуде. Қазақстан бойынша 850 жылу энергетикасы нысандарына мониторинг жүргiзiледi.
Қар көшкiнi болатын таулы аймақтарда да апаттың алдын алуға бағытталған инженерлiк құрылғылар орнатылуда.
"Ағымдағы жылы "Қазгидромет" болжамы бойынша қыс қатты болады деп күтiлуде. Соған орай, министрлiктiң күштерi мен құралдарын әзiрлiкке келтiру және пайдалану жөнiнде жоспар әзiрлендi. Бұл кешендi жұмыстар жоспарлы түрде iске асырылуда", - дедi вице-министр.