Қысқа мерзімді экономикалық индикатордың өсімі 8,3 пайызды құрады
АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қысқа мерзімді экономикалық индикатордың өсімі 8,3 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қысқа мерзімді индикатор биылғы жылдың қаңтар-наурызында 2009 жылдың осы кезеңіне қарағанда 108,3 пайызды құрады. Оған себеп болған өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11,5 пайызға өсті, ал ауыл шаруашылығының деңгейі 2,4 пайызға артты, сондай-ақ жүк айналымының көлемі 2,5 пайызға өсті»,-деді агенттік басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, есепті кезеңде бөлшек сауда тауар айналымы 10,5 пайызға, көтерме сауда тауар айналымы 11,9 пайызға жоғарылаған.
«Яғни 6 базалық өндірістердің (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, сауда мен байланыс салалары қамтылған) өсуіне байланысты биыл жылдың қаңтар-наурызында қысқа мерзімді экономикалық индикатордың 8,3 пайызға өсуін байқадық»,-деді Ә. Смайылов.