Қысқартудан кейін құқық қорғау қызметкерлерінің бір бөлігі қылмыстық құрылымдарға ауысып кетеді деген күдікке себеп жоқ - ҚР ІІМ

Интернет желіде өткен конференцияда А. Кулинич, Қазақстан Президентінің халыққа арнаған Жолдауында еліміздің құқық қорғау жүйесін жаңарту міндетін алға қойғанын атап өтті және аталмыш реформалар ішкі істер органдарының қызметкерін қысқартуды көздейтіндігін баса назарға алған болатын.
Негізінен қысқарту науқанына министрлікке қарасты көмекші және қосалқы қызметтердің қызметшілері түседі. А. Кулиничтің айтуынша, жасөспірімдерді бейімдеу және оңалту орталықтары Білім және ғылым министрлігіне, техникалық бақылау және күзет қызметтері бәсекелестік ортаға көшірілуінің есебінен ішкі істер органдарының 10-15 пайызға жуық қызметкерлері қысқартылатын болады.
«Ішкі істер министрлігі қазіргі уақытта өкілеттіктерді нақты бөлу және құқық қорғау органдарын өздеріне тән емес функциялардан босату жөнінде жұмыс жасауда. Бұл функциялар қылмыспен күрес және құқықбұзушылықты алдын алуға байланысты емес функциялар болып табылады», деді ол.
Қылмыспен күрес, қоғамдық тәртіпті күзету, тергеу, қоғамдық тәртіп жасақ қызметі қысқартуға түспейді. Себебі бұл ІІМ-нің негізгі міндеттерін атқарушы басты күш болып табылады.
«Қысқартудан кейін құқық қорғау қызметкерлерінің бір бөлігі қылмыстық құрылымдарға ауысып кетеді деген күдікке себеп жоқ деп санаймын», деген А.Кулинич, «реформалаудың ең басты мақсаты халық арасындағы құқық қорғау органдарына деген сенімдерін арттыру», екендігін мәлім етті.