Қысқартуға ұшыраған қызметкерлерді басқа жұмысқа бейімдеу мәселесін ойластыру қажет - профессор М.Сәрсембеков
АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанның мемлекеттік органдарындағы қысқартуларға ұшыраған қызметкерлерді басқа жұмысқа бейімдеу мәселесін ойластыру қажет.
Бүгін Астанада экономикалық дағдарыстан кейін Шығыс Еуропа және Орталық Азия аймағындағы мемлекеттік басқару реформаларын қайта қарастыру мәселелеріне арналған халықаралық «дөңгелек үстел» отырысы аясында сұхбат берген заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембеков осылай мәлім етті.
Оның айтуынша, еліміздің мемлекеттік органдарындағы қысқартулар - әлем бойынша орын алған экономикалық дағдарыстың кері әсері. «Әрине, осындай іс-шаралар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Бірақ біз өз кезегімізде осы қысқартуларға ұшыраған қызметкерлерді басқа жұмысқа бейімдеу мәселесін ойластыруымыз қажет. Себебі 26 мың адам аз емес», - дейді М.Сәрсембеков.