Қысқартуға ұшыраған қызметкерлерге көмек көрсетіледі - Еңбек министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда қысқартуға ұшыраған қызметкерлерге көмек көрсету бойынша 600 жол картасы әзірленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қысқартуға ұшыраған қызметкерлерге көмек көрсетіледі - Еңбек министрі

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова министрлік алқасының кеңейтілген жиынында мәлім етті.

"Қысқартуға ұшыраған қызметкерлерді қайта даярлау және жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында 2017 жылы еліміздегі ірі кәсіпорындармен жол карталары әзірленді. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 600 жол картасын бекіту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 168 жол картасы бекітілді. Осыған байланысты әкімдікпен бірлесіп, бірінші тоқсан соңына дейін жол картасын бекіту керек және жұмыс күші босап қалуы мүмкін кәсіпорындарды анықтайтын тұрақты мониторинг ұйымдастыру қажет", - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова министрлік алқасының кеңейтілген отырысында.

Оның айтуынша, 2018 жылы өзін өзі жұмыспен қамтығандарды рәсімдеу мен еңбек күші ағынын басқару бойынша өңірлік жол карталарын жүзеге асыруды жолға қойып, өңірлік штабтардың жұмысын жандандыру қажет.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, формалды емес және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың жұмысын заңдастыру бойынша Заң жобасын әзірлеуді жеделдету қажет. Онда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесіне нақты анықтама беріледі, тіркеуді оңтайландырады және салықтық жеңілдіктер ұсынылады", - деп өз сөзін толықтырды М. Әбілқасымова.

Еске сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев 9 ақпан күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін сынға алған болатын. 

Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін аталған министрліктің басшысы ауысып, ведомствоға жетекшілік етуге Мәдина Әбілқасымова келген еді.