Қысқы Азия ойындарының медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге медициналық қызмет дайын - Т.Дүйсенов
nbsp; АЛМАТЫ. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Астана мен Алматыда өтетін VII қысқы Азия ойындарының медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге медициналық қызмет толық дайын. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында VII Қысқы ойындардың медициналық қауіпсіздік жөніндегі бас сарапшысы, FIVB МОК докторы Төлеген Дүйсенов айтты.
Оның айтуынша, ойындар кезінде медициналық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша арнайы бағдарлама жасалған. Бұл бойынша спорттық шаралар өтетін орындарда, жаттығу алаңдарында, қонақүйлер мен баспасөз орталықтарында, ойынға қатысты басқа да нысандарда медициналық бекеттер орналасатын болады.
"Бұлар толықтай қажетті құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ қосымша екі қаладағы медициналық мекемелер де дайын. Бұл ретте ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша Алматыдағы 10, Астанадағы 6 медициналық мекемемен ойынға қатысушыларға тегін медициналық көмек көрсету туралы келісім жасалды. Сондай-ақ ойын нысандарында медициналық көмек көрсетуді арнайы мамандармен қатар медициналық оқу орындарының 4-5 курс студенттерінен құралған еріктілер жүзеге асырады. Барлық нысандарда қаңтардың 15-нен ақпанның 15-не дейін медициналық көліктер қызмет көрсетеді", - деді Т.Дүйсенов.