Қысқы Олимпиада: Бүгін медальдар кестесінің көшбасшысы ауысты

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытай астанасы Бейжің қаласында өтіп жатқан Ақ Олимпиада ойындарында жалпы медаль кестесінде бүгін Норвегия құрамасы Германияны басып озды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қысқы Олимпиада: Бүгін медальдар кестесінің көшбасшысы ауысты

Бейжіңде өтіп жатқан Ақ Олимпия ойындары бел ортасынан ауып барады. Күн өткен сайын медальға талас қыза түсуде. Бүгін жалпы есепте Норвегия құрамасы 9 алтын, 5 күміс, 7 қола (21) медальмен бірнші орынға көтерілді.

Ал төрт күн қатарынан көш басынан түспеген неміс құрамасының қоржынына бүгін жүлде бұйырмады.

Кешегі күнге дейін жеңіп алған 8 алтын, 5 күміс, 1 қола (14) медальмен екінші орынға түсіп қалды.

Командалық жалпы есепте үздік үшінші орынды түйіндеп тұрған АҚШ құрамасының еншісінде 6 алтын, 5 күміс, 1 қола (12) медаль жиынтығы бар.

Медаль көрсеткішімен үздік ондықта тұрған елдер:

1. Норвегия - 9 алтын, 5 күміс, 7 қола

2. Германия - 8 алтын, 5 күміс, 1 қола

3. АҚШ - 6 алтын, 5 күміс, 1 қола

4. Нидерланд - 6 алтын, 4 күміс, 2 қола

5. Швеция - 5 алтын, 3 күміс, 3 қола

6. Австрия - 4 алтын, 6 күміс, 4 қола

7. Ресей - 4 алтын, 5 күміс, 8 қола

8. Қытай - 4 алтын, 3 күміс, 2 қола

9. Швейцария - 3 алтын, 0 күміс, 5 қола

10. Франция - 2 алтын, 6 күміс, 2 қола

Айта кетейік, дәл бүгінге дейін Олимпиада медаліне қол жеткізген елдер қатары 26-ға жетті.

Оның ішінде 21 мемлекеттің қоржынында алтын медаль болса, 23 мемлекетте күміс жүлде бар.

Сондай-ақ, Бельгия, Латвия және Польша елдерінің қоржындарында бір-бір қола медальдан бар.

Өкінішке қарай Қазақстан қоржыны әзірге бос.