Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына тура 10 күн қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарының басталуына тура 10 күн уақыт қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған дейін хабарлағанымыздай төрткіл дүние көз тігетін басты додаға Қазақстан құрамасы 57 жолдама жеңіп алған болатын. Отандастарымыз спорттың 9 түрінен сынға түседі.
Қазір спортшылар соңғы оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олимпиада қалашығына қазақстандық спортшылардың алғашқы легі 1-ші ақпан күні барып орналаса бастайды. Ал соңы 7-ші ақпанға дейін жетіп болады. Бұл күні Олимпиада қалашығында қазақтың көк байрағы көтеріледі.
Естеріңізге сала кетсек, Пхенчхандағы қысқа Олимпиада ойындары ақпанның 9-25 аралығында өтеді. Олимпиаданың ашылу салтанатында ел туын шорт-трекші Абзал Әжғәлиев ұстап шығады.