Қыста елімізде 1,7 мың адам құтқарылып, 1,3 мың техника қар құрсауынан шығарылды – ТЖМ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қысқы кезеңде елімізде 1 722 адам, оның ішінде 230 бала құтқарылды, 1 300-ден астам техника қар құрсауынан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қыста елімізде 1,7 мың адам құтқарылып, 1,3 мың техника қар құрсауынан шығарылды – ТЖМ

«Қыстың басынан бастап (2020 жылғы 1 қарашадан) елімізде 1 135 ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Автожолдар учаскелері 1 481 рет жабылды (оның ішінде республикалық – 597, облыстық – 884), жүк және жолаушылар автокөліктері үшін қозғалыс 233 рет шектелді (республикалық маңызы бар - 98 рет, облыстық – 135). Аталған кезеңде еліміздің құтқарушылары 1 722 адамды, оның ішінде 230 баланы құтқарды. 1129 адам, соның арасында 116 бала эвакуацияланды. 108 жылыту пункті жұмылдырылды. Қар құрсауынан 1 300-ден астам техника шығарылды», - делінген ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінде.

Белгілі болғандай авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінен 10 557 адам және 5 245 техника жұмылдырылды.

Құтқарушылардың мәліметінше, ең күрделі жағдай еліміздің солтүстік және орталық бөлігінде, Алматы облысының «Үшарал-Достық» автожолының учаскесінде орын алды. Жыл сайын қысқы кезеңде ауа райы бұзылған кезде осы учаскеде 100-ден астам жүк және жеңіл автомобиль қар құрсауында қалады. Тек 2020 жылдың қараша айынан бастап 2021 жылдың ақпан айына дейінгі кезеңде жолдың аталған учаскесінде қар құрсауынан 490-ға жуық адам құтқарылып, эвакуацияланды және 200 техника шығарылды.

«Ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен адамдарды құтқару бойынша авариялық-құтқару жұмыстары 12 сағаттан астам уақытқа созылатын кездер де кездеседі, ал кейбір жағдайларда бірнеше тәулікке жетеді. Оңтүстік-батыстан соққан қатты жел және жолдың осы учаскесінде қар ұстайтын қалқандардың болмауы қиындықтар келтірді», - деп аталып өткен ведомство хабарламасында.