Қыста пәтерінен айырылғандар далада қалмайтын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот шешімімен қыста пәтерінен айырылғандар далада қалмайтын болады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында осындай норма қамтылып отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, заң жобасында негізгі жаңалықтардың бірі баспана құқығынан айыру мәселесін қамтиды.
«Біріншіден, жағдайы жоқ, басында бір ғана баспанасы болған адам үйсіз қалса, үш ай уақытта жергілікті әкімдік оны үймен қамтамасыз тиіс. Екінші мәселе, жалғыз баспанасы бар адамды қыста үйінен шығару туралы шешім қабылданса, онда оларды қыста далаға қалдыруға болмайды. Сондықтан да, оларды қыста үйінен шығармау туралы өзгерістер көзделіп отыр», - деді вице-министр Қайырбек Өскенбаев.