Қыстың аязынан республиканың кейбір аймақтарында опат болғандар бар
АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қыстың қақаған аязында республиканың кейбір аймақтарында азматтардың үсіп, опат болуы оқиғалары тіркелді.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің Баспасөз қызметі басқармасының аға инженері Любовь Шапошникова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қаңтардың 3-і күні Батыс Қазақстан облысында көрші ауылға қонаққа барған шопанның отбасы қайтарда күннің қатты суытып, тұман түсуіне байланысты жолдан адасып кеткен. Отағасы жолды тауып, үйіне барып ат-көлік әкелгенше әйелі 4 жасар баласын өзінің киіміне орап, өзі үсіп опат болған. Бала аздаған үсік шалғаны болмаса, дін аман. «Қаңтардың 8-і күні Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Смирнов ауылында үйдің ауласында 1964 және 1965 жылы туылған ерке пен әйел адам қатып қалған. Сондай-ақ қаңтардың 16-сы күні Ақтөбе облысындағы Шевченко ауылында екі азамат үсіп өлген. Олардың денелері өткен жұмада үйлерінің ауласынан табылды. Қаңтардың 18-і күні Солтүстік Қазақстан облысында 49 жасар әйел үсіктен көз жұмды», деді баспасөз басқармасының инженері.