Қыстың қаһары қатты...
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Міне, Астананың аязды күндері де басталды. Негізі, қаңтар-ақпан айларында қыстың қаһары айрықша болады. Оны бәрі біледі. Осы кезде нағыз үскірік аяз, күшті жел мен боран көптеген қайғылы оқиғаларға себеп болып жатады.
Сол себепті еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі қыс мезгілінде қауіпсіздік ережелерін барынша сақтауды ескертеді.
Алдағы уақытта ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық және жергілікті маңызы бар бірқатар автожолдар тағы да жабылуы мүмкін. Қазірдің өзінде біраз жолдар бірде ашылып, бірде жабылып жатыр. Себебі ауа температурасы күрт төмендеп, көктайғақ болып, боран соғады. Осы уақытта желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін баруы ғажап емес.
Негізі, біз көп жағдайда осы желдің жылдамдығына көп көңіл бөлмей, ауа райын тек термометр арқылы ғана анықтап жатамыз. Ол дұрыс емес. Даланың температурасы термометр көрсеткішінен екі есе суық болуы әбден мүмкін. Себебі жел аяздың күшін екі есе күшейте алады. Міне, сол себепті метеоролог мамандар қысқы суықты арнайы индекс бойынша анықтайды екен. Оған сәйкес, егер далада желдің жылдамдығы - 3 м/с, ал ауа температурасы -20 градус болса, күннің суықтығы -23 градусқа дейін төмендейді. Ал жел секундына 7-8 метр жылдамдықпен соқса, -40 градус суық болды деп санауға болады. Міне, осыдан-ақ жылдамдығы 25 метрге дейін баратын желдің жойқын күшін елестете беріңіз. Сондықтан алдағы уақытта қазақстандықтар ауа райын жіті бақылап, қауіпсіздік ережелерін барынша сақтаса екен дейміз.
Осы орайда, «адам факторы» себеп болатын қайғылы оқиғаларды атап өтпеске болмайды. Ондай жағдай жақында Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының Рублевка ауылында болды. Облыстың Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бір үйдің отағасы 1,5 жастағы өз баласын қараусыз қалдырып кеткеннен кейін, сәби әкесінің артынан далаға шығып кеткен. Келесі күні оның үсіп қалған өлі денесі көршісінің ауласынан табылды. 1,5 жастағы Рафис үйде әкесімен ғана қалған екен. Кешке қарай ішімдік ішіп алған әкесі көршілерін Жаңа жылмен құттықтау үшін шығып кеткен. Жалғыз қалған бала есікті өзі ашып, көрші үйде тұратын әжесіне бармақ болған. Бірақ ол үйдің есігін аша алмай, далада қалып, үсіп өлген. Ал анасы баланы көрші үйде тұратын өз анасы алып кетті деп ойлап, үйде жата берген.
Қыста өрт қауіпсіздігін де қаперде ұстаған жөн. Себебі электр құрылғыларын дұрыс қолдабауы салдарынан, көп жағдайда, өрт шығып жатады. Астанада күні кеше ғана «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Бас есептеу орталығының ғимараты өртке оранды. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бірақ төрт адамға иіс тиді. Қазіргі кезде олар ауруханада жатыр. Сол сияқты құрылысы әлі бітпеген «Әзірет Сұлтан» мешітінде болған өрт оқиғасы да кез келген мұсылман баласын бей-жай қадырмады. Өртті сөндіруге қатысқан Төтенше жағдайлар департаментінің 171 қызметкері 13 адамды құтқарып үлгерді. Бірақ мешіттің біраз аумағын шарпыған тілсіз жау бір азаматтың өмірін қиып кетті. Бір өкініштісі, осы күнге дейін мешіттің құрылысы 90 пайызға аяқталып, тек ішкі ою-өрнек, бояу жағу секілді декоративті жұмыстар ғана қалған болатын. Мешіттің құрылысы барысында бұған дейін де адам шығыны болғаны есімізде.
Айтпақшы, даладағы аязға қарамастан, кеше Астананың қақ ортасында екі автокөлік өртеніп кеткен. Елорда әкімдігі жанында тұрған «VW Golf» және «Honda Civic» маркалы машиналарының бірінде шыққан өрт екіншісіне ауысып, темір тұлпардың екеуін де шарпыды. Өрт басылды, бірақ көліктер жөндеуге мүлдем келмейді. Осындай да болады екен.