Қытай 3 млрд-қа жуық жолаушы қатынайтын мерекеге әзірленуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың «көктем мерекесі» деп атайтын жаңа жылы биыл 28 қаңтарға тура келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытай 3 млрд-қа жуық жолаушы қатынайтын мерекеге әзірленуде

Қытайдың көктем мерекесі кезінде сапарға шыққандардың легі 13 қаңтардан бастап 21 ақпанға дейін, яғни 40 күнге созылады.

Статистика агенттігі осы аралықта елдегі жолаушылар тасымалы 2,9 млрд-қа  жетеді деп болжап отыр. Бұл өткен жылғы мереке кезіндегі жолаушылар көлемінен 2,2 пайызға артық.

Олардың арасында, темір жол арқылы тасымалданатын жолаушылар саны 356 миллионға жетіп, жаңа рекорд орнату мүмкін.

Еске сала кетсек, қытайлардың Жаңа жылы - ең әуелі отбасылық мереке. Бұл мереке күнін қытайлар ата-анасы мен бауырларының арасында өткізуге тырысады. Сол себептен де қытайлықтар ауылдарына бару үшін алдын-ала жолға дайындалады. Сондықтан әуе және темір жол кассаларының алдында билет алуға тұрғандардың ұзақ-сонар кезегі пайда болады.

Мұхтар МҰРАТ