Қытай АӨІСШК диалогына белсенді қатысуға дайын - ҚХР төрағасының орынбасары Ли Юаньчао

БЕЙЖІҢ. 28 маусым. ҚазАқпарат - Қытай ШЫҰ және АӨІСШК секілді аймақтық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық диалогына белсенді қатысуға дайын.

Қытай АӨІСШК диалогына белсенді қатысуға дайын - ҚХР төрағасының орынбасары Ли Юаньчао

Бұл туралы Бейжіңде өткен II Дүниежүзілік бейбітшілік форумында ҚХР төрағасының орынбасары мәлімдеді.

«Қытай ашық, ауқымды әрі әділ халықаралық, аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастық архитектурасын құру үшін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығы және Азиядағы Өзара іс-қимыл және Сенім шаралары кеңесі сияқты аймақтық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтар диалогына белсенді қатысуға дайын», - деп мәлімдеді ҚХР төрағасының орынбасары Ли Юаньчао.

«ШЫҰ 12 жыл бұрын құрылған күннен бері «үш зұлымдық күшпен» күресуде де, бейбітшілік пен әлемдік және аймақтық тұрақтылықты қолдауда да маңызды рөл атқарып келеді», - деп атап айтты Ли Юаньчао.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы Қытай АӨІСШК төрағалығының міндетін өз мойнына алады. Кеңесті шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында жариялаған.

Екінші бейбітшілік форумына «Бейбітшілік, даму, инновациялар» ұранымен 16 мемлекеттің өкілдері қатысуда. Аталған алаңда халықаралық және аймақтық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болады.