Қытай арқылы Тынық мұхиты жағалауы рыногына 3 млн. тоннаға дейін астық экспорттауға келісім жасалды
АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қытай арқылы Тынық мұхиты жағалауы рыногына 3 млн. тоннаға дейін астық экспорттауға келісім жасалды. Бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өтіп жатқан агроөнеркәсіп кешені республикалық кеңесінде «ҚазАгро» холдингі басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда әдеттегі егіс жылдары орташа алғанда 16-17 млн. тонна астық жиналады. Оның ішінде өз ішкі сұранысына 8-9 млн. тонна кетсе, Орталық Азия, Иран, Ауғанстан секілді дәстүрлі рыногына 8 млн. тоннаға жуық астық экспортталады. Биыл 20 млн. тоннаға жуық егін жиналды. Бұл орташа жылдық көрсеткіштен 3-4 млн. тоннаға артық. Сондай-ақ биылғы жылы біздің астық өткізудегі дәстүрлі рыноктық елдерде де астық мол болды. Бұдан басқа, елімізде былтырғы жылдан қалған 3 млн. тонна астық тағы бар болатын. Осының барлығы астық нарығының тұрақсыздығына, бағаның түсуіне әкеп соқты», деді А. Мамытбеков.
Оның айтуынша, осы мәселені Үкімет тарапынан жедел шешу барысында экспорттық бағыт ынталана бастады. Мәселен, темір жол тарифтерінің 20 долларға дейін арзандатылуы қазақстандық астықтың Балтық және Қара теңіз нарықтарында бәсекелестігін арттырды. «Қытай арқылы Тынық мұхиты жағалауы нырығына 3 млн. тоннаға дейін астық экспорттауға келісім жасалды. Бұдан басқа Қытайдың ішкі нарығына да астықты жеткізу мүмкіндігіміз бар», деді А. Мамытбеков.